12 қазан
11:38
«Айман-Шолпан» жыры

Тақырып бойынша жаңалықтар

«Айман-Шолпан» — лиро-эпостық жыр. Алғаш жазып алып, баспаға ұсынған – Жүсіпбек Шайхисламұлы. 1896, 1898, 1901, 1906, 1910, 1913 жылдары Қазан баспасынан жеке кітап болып басылып шықты.
 
Жырдың оқиғасы, негізінен, XIX ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ елінің әлеуметтік-қоғамдық тіршілігін, тұрмыс-салтын қамтиды. Кейіпкерлердің ішінде тарихта болған адамдардың есімдері кездеседі ( Көтібар, Арыстан, Есет, т.б.). Жырдың негізгі оқиғасы тама руының байы Маман мен шекті Көтібар батыр арасындағы өзара күресі. Жырда жеке бас бостандығы көтеріледі. Айман тек жеке басының азаттығын көксеген қыз емес, ел тыныштығын, қауым ынтымағын ойлаған ақылды да айлалы, өжет мінезді адам ретінде көрінеді. Жырда Көтібар бейнесі де шебер берілген. Бұрыңғы батырлықтың азып, ел ішіндегі ұсақ-түйек тентектікке айналғаны осы бейне арқылы көрсетіледі.
 
Құрылысы, бейнелер жасау әдісі, тіл ерекшеліктері жырдың ескі поэтикалық дәстүрде туғанын көрсетеді. Ежелгі жыр, айтыс үлгілері кеңінен пайдаланылады. Эпикалық ұзақ дастандардағыдай, оқиғалар арасын қарасөзбен жалғап отыру үрдісі, жазба әдебиет дәстүріне тән белгілер де кездеседі.
 
«Айман-Шолпан» — реалистік мәнерде шығарылған, аса көркем жырлардың бірі. Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан» жыры бойынша жазған музыка драмасы (1934) Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрының репертуарынан көп жылдар бойы түспей келді. 1960 жылдан драмалық театрлар сахналарында қойыла бастады.