12 қазан
15:21
«Алпамыс батыр»

Тақырып бойынша жаңалықтар

«Алпамыс батыр» — эпостық жыр. «Алпамыс батырда» халықтың басынан өткен қаһармандық оқиғалар эпик. әсірелеу заңдылығымен берілген. Жырда талай заманның түсінігі, дүниетанымы, шындығы қат-қабат қорытылып, полистадиялы түрде жинақталған.
 
Зерттеушілер (В.М. Жирмунский т.б.) «Алпамыс батыр» жырында көне дәуірдің салт-санасы, ғұрпы, неғұрлым айқын бейнеленгенін атап өткен. Жырда көрсетілген жер, мекен, адам аттары, елдің шаруашылық кәсіптері, салт-ғұрыптары эпостың қазақ халқының төл туындысы екендігін дәлелдейді. Қаһармандардың туып-өскен, өмір кешкен елі — Жиде байсын, нақтылы тайпасының аты — қоңырат болып көрсетілгені көптеген ғалымдардың, соның ішінде Жирмунскийдің дастанды қоңыраттардың тайпалық эпосы деп айтуына мүмкіндік берген.
 
«Алпамыс батыр» жыры ел арасында замандар бойында айтылып келгенімен баспа жүзін алғаш рет 1899 жылы («Қисса И-Алпамыш», Қазан) көрген. Қазан төңкерісіне дейін бұл жыр 7 рет қайталанып басылып шыққан. Жырдың ел арасындағы түрлі нұсқаларын іздеп тауып, хатқа түсіріп орысша мазмұнда бастырған Ә.Диваев. Ол бұл жырдың бір нұсқасын қарақалпақ бахшысы Жиемұрат Бермухамедовтан, тағы бірер нұсқасын Шымкент оязының тұрғыны Е.Ақылбековтің қолжазбасынан алған. Кеңес жылдарында өзге де батырлық жырларымен қатар «Алпамыс батыр» сан рет қайта басылды. Оның тарихи, көркемдік мәні мен орны туралы М.Әуезов, С.Сейфуллин, Қ.Жұмалиев, Ә.Марғұлан, М.Ғабдуллин, Н.Смирнова, Т.Сыдықов сынды зерттеушілер арнаулы еңбектер жазды. Бұл қатарда орыс ғалымы Жирмунскидің түрік батырлық эпосы туралы монографиясын айрықша атап өтуге болады. «Алпамыс батыр» жырының дүние жүзіне мәлім болуына осы аталған еңбектің пайдасы зор болды. Жырдың аса тартымды, кең танымал болуының тағы бір сыры оның фабулалық желілерінің түрік тілдес халықтарда да ұшырауына байланысты.