10 маусым
20:20
Бразилия туралы не білесіз?
Маусымның 12-де Бразилияда футболдан Әлем біріншілігі басталады. Чемпионатқа 32 команда қатысады. Футбол додасының ашылуы Сан-Паулуда өтеді: мұнда Бразилия құрамасы Хорватия құрамасымен ойнайды. Ал, турнир финалы 13 шілдеде Рио-де-Жанейродағы «Маракана» стадионында болмақ.
 
Бүгінгі таңда әлем назарын өзіне аударған Бразилия туралы не білесіз?
 
Бразилия - Оңтүстік Америка құрлығында орналасқан, жер аумағы бойынша 5-ші орын алатын алып ел. Деректер бойынша Бразиль атауы Бразилияда өсетін «пау – бразиль» атты ағаштың атынан шыққан екен. Ал, ирландиялық мифтер бойынша, Атлант мұхитында жатқан аралдардың барлығын бразиль деп атаған көрінеді.
 
Ұзақ жылдар бойы Бразилия Португалияның отарында болды. Сондықтан да бұл елде халық португал тілінде сөйлейді. Соңғы деректерге қарағанда мұндағы халықтың 70 пайыздан астамы – католиктер,  15 пайызы- протестанттар.
 
Негізінен, бразилиялықтар қызуқанды келеді. Алайда, елдің салт-дәстүрін сыйлаған азаматты құрметтейді екен.
 
Олар неге қызығады, білесіздер ме? Олар бразилиялық сериалдарға құмар. Десек те, халықтың негізгі қызығушылығы - футбол. Олар – жанұясымен жанкүйер. Сондықтан да елде сериал мен футбол ешқашан бір уақытта көрсетілмейді.
 

Бразилиялықтар барлық мерекені: отбасылық, мемлекеттік, діни мерекелерді атап өткенді ұнатады. Елдегі ең басты мереке – карнавал. Карнавал – Пасха мерекесіне дейін Ұлы посттың бастапқы аптасында мерекеленетін дәстүрлі фестиваль. Бұл мереке 5 күн тойланады. Деректерге сүйенсек, карнавал португалиялық масленица мерекесінен бастау алған.
 
Бразилия әдебиеті әлемдік мәдениеттің өркендеуіне үлкен үлес қосты. Әлемге танымал жазушылар - Ж. Машаду, Ж. Фрейре, Г. Рамос, Ж. Амаду, Э. Вериссиму, Пауло Коэльо Бразиялияда дүниеге келген.
 
Бразилиядағы ең танымал сусындар: кока-кола және гуарана жидегінен жасалған газды сусын.
 

Фейжоба (қара үрме бүршақ, кептірілген еттен дайындалады), фарофа (қуырылған маниоки ұны), бакальяу (кепкен балықтан дайындалған тағам), такако (құрғақ асшаяннан жасалған қою сорпа), ватапи (ұсақ балықтардан жасалған тағам), каруру (тұздалған асшаяннан), түрлі дәндер қосылған күріш – Бразилиядағы әдеттегі тағамдар.
 
Бразилияда басқа мемлекеттерге қарағанда, омыртқалылар мен омыртқасыздардың көп түрі кездеседі. Маймылдардың 77 түрі, тұщы су балықтарының 3000 түрі бар. Бразилияның жануарлар әлемі дүниежүзінде қосмекенділерден 2-ші, құстардан 3-ші және бауырмен жорғалауыштардан 5-ші орын алады.