16 маусым
19:30
ФИФА-ның Әлем Кубогы туралы не білесіз?
Жюль Рим Кубогын кім ұрлаған?
Төрткүл дүние көз тіккен Бразилияда футболдан Әлем чемпионаты өтуде. Додаға қатысатын 32 команда бүгінге «Әлем чемпионы» атағына таласып, бақ сынауда.
 
Жарыстың басты жүлдесі – Әлем кубогы туралы не білесіз?
 
Әлем Кубогы – «Әлем чемпионы» атағын иеленген жеңімпаздарға берілетін басты жүлде.
 

1930 жылы алғаш рет чемпионат ұйымдастырылады. Сол жылдан бастап, 1970 жылға дейін жеңімпаздарға Жюль Рим Кубогы берілген.
 
Бұл кубок алтын жалатылған күмістен және лазуриттен жасалған. Кубокта көне грек мифологиясы бойынша Ника - Жеңіс құдайының суреті бейнеленген. Кубокты сондай-ақ «Алтын жебеуші» деп те атайды. Ұзындығы – 35 сантиметр, салмағы – 3,8 келі.
 
1966 жылы футболдан Әлем чемпионаты Англияда өтеді. Сондықтан, осы жылы Әлем кубогы Лондонға әкелініп, Вестминстер сарайына қойылады. Масқара болғанда, 20 наурыз күні бұл кубокты біреулер ұрлап әкетеді. Десек те, араға екі апта салып, итімен саябақта серуендеп жүрген Лондон тұрғыны Дэвид Корбетт жерге көмілген кубокты тауып алып, полицияға табыстайды. Итінің арқасында ол мол олжаға кенеледі.
 
1970 жылы Бразилия құрамасы Әлем чемпионатында жеңіске жетіп, Жюль Рим Кубогын мәңгілікке иеленеді. Алайда, 1983 жылы кубокты тағы да белгісіз біреулер ұрлап әкетеді. Бұл жолы тәртіп сақшылары ұрыларды қолға түсіреді. Әйтсе де, тергеу жүргізе келе, полиция ұрылардың кубокты балқытып, сатып жібергенін жариялайды. Содан кейін кубок қайта жасалмайды.
 

Жюль Рим Кубогын алмастырған ФИФА-ның Әлем кубогы алғаш рет 1974 жылы табысталады. Кубок италиялық мүсінші Сильиво Гаццаньяның сызбасымен 18 каратты алтыннан жасалған. Онда жерді қолымен тіреп тұрған екі адам бейнеленген. Ұзындығы – 36,5 сантиметр. Салмағы – 6,175 келі.
 
Жюль Рим Кубогын иеленген мемлекеттер:
 
Бразилия – 1958,1962,1970 жылдары
Италия – 1934, 1938 жылдары
Уругвай – 1930, 1950 жылдары
Германия – 1954 жылы
Англия – 1966 жылы
 
ФИФА-ның Әлем кубогын иеленген мемлекеттер:
 
Италия – 1982, 2006 жылдары
Бразилия – 1994, 2002 жылдары
Германия – 1974, 1990 жылдары
Аргентина – 1978, 1986 жылдары
Франция – 1998 жылы

Испания – 2010 жылы