28 маусым
13:00
Күндізгі жаңалықтар

Тақырып бойынша жаңалықтар

Экономика
 
«Еврохим- удобрения» компаниясы  кен игеру жұмысын  бастады
Жамбыл облысында орналасқан «Еврохим- удобрения» компаниясы  Жаңатас қаласы маңындакен игеру жұмысын  бастады.  2018 жылға қарай бұл компания шикізат өңдеп қана қоймай  дайын өнім шығаратын өндіріс орнына айналмақшы.   

Қоғам
 
Астанада «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының І форумы өтуде
Бүгін Астанада «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының І форумы өтуде. Жиынның ашылуында ҚР Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев сөз сөйледі. Оның айтуынша, «Стратегия-2050» бұл - елді көшбасшылыққа бастайтын бағдарлама. «Қазақстан - 2050» жалпыұлттық қозғалысы Елбасының бастамасымен қолға алынып отыр, бүгінгі күні оның жұмысы күннен күнге қарқын алып келеді. Қозғалысты еліміздің аймақтарында ғана емес, шетелдерде де қолдап, қатарына қосылушылар көбейіп келеді. «Қоғамдағы бірқатар маңызды жобаларды осы жалпыұлттық қозғалыс мүшелері атқарып жатқанын ерекше айта кету керек. Мемлекет басшысы айтқандай, Стратегия адамдардың күнделікті туындайтын сұрақтарына жауап бере алады. Біздің негізгі мақсатымыз - ғасыр ортасына қарай әлемнің дамыған 30 елінің қатарында болу, - деді Бағлан Майлыбаев.
 
Мал шаруашылығын кәсіп еткен жастар қатары артып келеді
Қостанай облысында мал шаруашылығын кәсіп еткен жастар қатары артып келеді. Осы өңірдегі меншікті тілшіміз Нұрқанат Құлабаевтың хабарлауынша, ауылдық жерлерде мемлекеттен субсидия алып, жеке шаруасын ашқан жастар көп. Мәселен, Аманкелді ауданында тұратын Оразбек Кенжеғали 25 жаста. Ол 3 жарым млн. субсидияға «Даун» деп аталатын ағылшындық асыл тұқымды 78 бұқа сатып алып, жеке шаруа қожалығын құрған. Жас кәсіпкер сиыр өсіріп, ет саудалаумен қатар, асыл тұқымды ірі қара санын арттырумен де айналысады. Қазір елімізде еңбектенем деген адамға айналысатын іс табылады. Тек тетігін таба білу қажет, - дейді ол.

Білім

Мектептердегі ақша жинау үрдісімен күресу мәселелері талқыланды
«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында өткен «Білім және ғылым» бағыты бойынша сарапшылық тобының отырысында мектептердегі ақша жинау үрдісімен күресу мәселелері талқыланды. Аталған сарапшылық топтың тәлімгері, Мәжілістегі Фракция мүшесі Камал Бұрхановтың айтуынша, мектептерде ақша жинау мәселесі бойынша ата-аналар, мұғалімдер мен оқушылардан анонимді түрде әлеуметтік сауалнама жүргізілген. «Сауалнама нәтижелеріне қарағанда, ата-аналардың 29%-ы мектеп қажеттіліктері үшін ақша жинайтын болып шықты. 47%-ы мұндай жағдаймен күнде бетпе-бет келеді екен. Кейбір респонденттер күзетшілердің жалақысы үшін ақша бергендерін хабарлаған. Сондай-ақ, газет-журналға зорлап жаздыру бойынша арыз-шағымдар да болған», - деді ол. Партия істің мән-жайына қанығып, аталған деректерді тексеріске салмақ. Олардың қаншалықты заң шеңберіне сиятындығы сараланады әрі бұған заң аясында шектеу қою қарастырылады.
 
Спорт
 
Бөкенбай Сақтағановты еске алуға арналған ашық турнир өтіп жатыр
Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында бокстан спорт шебері Бөкенбай Сақтағановты еске алуға арналған ашық турнир өтіп жатыр. Сайысқа еліміздің түкпір-түкпірі мен көршілес Өзбекстан елінен былғары қолғап шеберлері қатысуда. Осы өңірдегі меншікті тілшіміз Айман Нұрмағанбеттің хабарлауынша, турнир осымен 2-рет ұйымдастырылып отыр. Жарыста 14 салмақ дәрежесі бойынша 8 команда сынға түседі. Спорттық дода 29 маусымға дейін жалғасады. Сайыс төрешісі Нұрсұлтан Қоңарбаевтың айтуынша, биылғы жарыста былтырғыдан қарағанда көптеген өзгешеліктер бар.
 
Елордада «Қайсар Керуен» веложарысы өтеді
Астанада Қала күнін мерекелеу аясында «Қайсар Керуен» ашық бұқаралық веложарысы өтеді. Қайырымдылық шарасы ертең (29 маусым) «Салтанат сарайы» алдындағы алаңда ұйымдастырылады.  Веложарысқа кез-келген астана тұрғыны мен қонағы қатыса алады.Тіркелу кезінде әр қатысушыға лотерея билетінің нөмірі ретінде ұтысқа қатысатын тіркелу нөмірі беріледі. Сәтті нөмір сәйкес келген велошабандоздарға 20 жаңа велосипед тарту етілмек.  Веложарыс барысындағы қайырымдылық шарасына Серік Сәпиев, Илья Ильин, Бақтияр Артаев, Юрий Мельниченко сынды Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен меценаттар.  Веложарыс бұл спорттық дода емес, шараның мақсаты салауатты өмір салтын насихаттау және жастарды белсенді дене шынықтыру мәдениетіне, әсіресе велосипед спортына тарту.