28 маусым
15:00
Күндізгі жаңалықтар

Тақырып бойынша жаңалықтар

Қазақстандықтар Астана күніне үш күн демалады
 
Астана күні қазақстандықтарды үш демалыс күнімен қуантпақ. Өйткені биыл Астана күні, 6 шілде демалыс күніне түсіп тұр. Яғни «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға сәйкес демалыс пен мереке күндері   тұспа-тұс келген жағдайда, мерекеден кейінгі жұмыс күні демалыс болып саналады. Осылайша,   5, 6 және 7 шілде демалыс күндері болады.
 
Алатау батыр ауылы табиғи газға қол жеткізді
 
Енді Шардара ауданы, Алатау батыр елді мекеніндегі ағайын күл шығарып, көмір жақпайды. Астана күніне орай шардаралық 1 мың 409 отбасы қуанышқа бөленді. Мемлекеттік мереке қарсаңында 9 мыңнан астам тұрғыны бар Алатау батыр ауылы табиғи газға қол жеткізді. Салтанатты жиын барысында Шардара ауданының әкімі ауыл азаматтарын құттықтап, бұл ауқымды жұмысқа мемлекет қазынасынан 1 млрд. 300 млн. теңге қаржы жұмсалғанын жеткізді. Сондай-ақ, биыл 8 мың тұрғыны бар Көксу ауылдық округіне көгілдір отынның берілетінін мәлімдеп, 2017 жылға дейін ауданның толықтай газбен қамтылатынын айтты деп хабарлайды ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі
 
Қазақстан Республикасы мен ЕО арасында ынтымақтастық пен әріптестік туралы жаңа келісім бойынша келіссөздердің 7-раунды өтеді
 
2014 жылғы 30 маусым - 1 шілдеде Брюссель қаласында Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасында кеңейтілген ынтымақтастық пен әріптестік туралы жаңа келісім бойынша келіссөздердің 7-раунды өтеді, деп хабарлады Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің баспасөз қызметі. Қазақстан тарапынан «Экономикалық және тұрақты даму», «Қаржы» және «Ынтымақтастықтың басқа салалары» бойынша жұмыс тобының басшысы - Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Марат Құсайынов басқарады. Аталған келісім шеңберінде Қазақстан мен Еуропалық одақ тараптары арасындағы ынтымақтастық салаларының ауқымы мен көлемін кеңейту күтіледі.