09 мамыр
13:00
Отан үшін от кешті
ІІ Дүниежүзілік соғыс жылдарындағы қазақ жауынгерлерінің ерлігі ұрпақтар жадында мәңгі сақталады. Сұрапыл соғыстағы қазақ сарбаздарының қаһармандығын сол кездегі әскери қолбасшылар да жоғары бағалаған. Мәселен, Кеңес Одағының маршалы Георгий Жуков өз естеліктерінде Берлиннің бас кеңсесіне бірінші болып лейтенант Кенжебай Мәденовтың взводы басып кіргенін айтады. Маршал қазақ жауынгерлерінің ерлігі туралы «Солдаттар дәліздерді гранаталармен көміп тастады, әр бөлмені кескілескен ұрыс жүргізе отырып басып алды», - деп жазады. Отты жылдары Қазақ топырағында 12 атқыштар дивизиясы, 4 кавалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық полк пен батальон құрылған. ІІ Дүниежүзілік соғыс жылдары майданға 1 миллион 200 мың қазақстандық аттанған. Оның 73,500-і – қостанайлықтар еді. Өңірден әрбір 5-інші азамат майданға кеткен. Аман-есен елге оралғандардың бірі - бүгін 90-ды алқымдап қалған қарт жауынгер Қасымхан Алдабергенов. Ардагермен қостанайдағы меншікті тілшіміз Нұрқанат Құлабаев әңгімелескен еді.